Жазғы демалыс. Қаладан ауылым Аралға оралдым. Пойыздан түсе салысымен аптап ыстық пен қапырық ауа күйдіріп барады. Құмырсқадай құжынаған халық ары-бері сапырылысып жүр. Ойқыш-ойқыш жолдармен үйге бара жатырмыз. Орамалы желпілдеп үйдің алдында анам тұр. Өмірдің иірімі ме, әлде, күйбең тірлік пе, анамның ажарлы бетін әжім басып, жүзі қуаң тартып қалыпты. Амандық-саулық сұрасқан соң дастархан басына жайғасып, іште жиналған сағынышымызды ақтарыстық. Менің ауылға келгенімді естіген сыныптас досым Естай келді. Ол - қара торы, орта бойлы, шымыр жігіт. Мектеп бітірген жиырма түлектің ішінде ауылда қалған жалғыз осы Естай ғана. Қашан келсең де жолыңды күтіп, ыстық ықыласпен қарсы алып, сыныптастардың басын біріктіріп жүреді. Естай екеуміз біраз әңгіменің басын қайырдық. Ертең үй жаққа келсейші деп қолқа салған соң мен де қуана келісе кеттім.
Келесі күні кешқұрым Естайдың үйіне бардым. Аулада қазанның жанында Естайдың апасы Мәриям тұр екен.
- Сәлем бердік, апа! Қалыңыз қалай? Аман-есенсіз бе?
- Ау, Құрманжан, келуіңмен. Шүкір балам, аманбыз. Оқуың қалай? Қалаға үйрендің бе?
- Иә, апа. Қиын болар деп ем, бәрі сәтімен болып, үйреніп кеттім.
- Ее, дұрыс. Кел, төрлет, жоғары шық.
Дастархан басында Естайдың атасы Шәкірат аға отыр екен. Орта бойлыдан аласа, бітімі кесек, жүзі жылы, аққұба кісі. Шашы мен сақал-мұртында бір тал ақ жоқ, жүріс-тұрысы жеңіл. Оны көргенде жетпістің желкеніне керген қария деп айтпайсыз. Сол себептен мен ол кісіні «аға» деп айтатынмын.
- Ассалаумағалейкум аға! Амансыз ба?
- Уағалейкумассалам. Жақсымын, балам.
Осы кезде Мәриям апа үлкен табақты алып келді де: «Мынау ақ балықтың қармасы. Құрманжан кел, қысылма. Қарма же. Ауылдың асын сағынған шығарсың. Қазір сорпа әкелейін» , - деп сарайға кетті. Ақ балықтың қармасы сондай жұмсақ, өте тойымды. Астан кейін самалы тербелген аулада ағамызбен біраз әңгімелестік.
- Аға, шынымды айтайын, Аралдың балығына жетер балық жоқ.
Шәкірат ата сәл жымиды да:
- Әрине. Бұрындары қармаққа әйдік балықтар түсетін. Қазір аулайтынымыз сол шағын балықтар ғой.
- Ата, сіз әлі балық аулайсыз ба? - деп таң қалдым.
- Иә, аулаймын. Немене, жетпістен асқан шалдың балық аулауына болмайды деген заң шығып па екен?! – деп күлді де, - арғы атам өмір бойы қайықтан түспеген адам. Ата демекші, саған бір әңгіме айтайын.
- Иә, ата, тыңдап отырмын.
- Көкек айы келіп, мұз енді еріп жатқан кезде атам Жәміл балық аулап жүріпті. Сол кезде менің де қатарласа туыла салғанымды қарашы.
- Неге?
- Атам үйге келе салысымен мені көре сап, қара шинельге орап теңізге қарай бет алған ғой. Үйдегі апам шошып, қой десе де, көнбепті. Теңізге апарып, мені суға бір сүңгітіп алып: «Міне, балықшының ұрпағы. Теңізде тудың, кіндігің осы теңізбен бірге», - деген екен. Менің кіндігім теңізге байлаулы, балам. Оой, жастық шақты теңізде өткіздік қой! Ол кезде Аралдың суы қала шетіне дейін жететін. Білесің, қазір ол жерде музей ғана. Теңіз кетісімен бізден де бақ кетті.
Шәкірат аға ұзақ үнсіз отырды. Теңіз үстінде жүгірген сағымға қиялымен көз тігіп, ауыр ой үстінде отыр. Бұйра шаштары Арал теңізінің ерке толқындарындай бұйралаңдап жатыр. Бәлкім, оның болашаққа деген үміті бұйра толқындардай аласұрып жатқан шығар. Кенет үнсіздік бұзылды.
- Естайды ауылда алып қалдым. Балықшы ұрпағының ата кәсібін жалғастырар сол. Ол да осыны жақсы түсінеді, біледі. Бар білгенімді үйретіп жатырмын. Шүкір, өзіміз де осы балықпен бір отбасыны асырап отырмыз.
- Аға, Естай ақылды жігіт. Оның болашағы жарқын.
- Иә, бар үмітіміз – Естай.
- Тағы қандай оқиғалар басыңыздан өтті, аға?
- Айт десең, айтайын. Қараша айының ортасы болса керек, құбыладан соққан жел күш алып, үлкен дауыл тұрды. Телегей теңіздің ортасында балық аулап жүрген біздерді дауыл ықтырып әкетпесі бар ма. Дауыл басылғанша қайығымыз салқын суға батып, әбден діңкелетті. Алып ақжал толқындар, ұйытқи соққан жел. Не болса да, қайықтан айырылмау керек. Я, қайда екенімізді білмейміз. Теңіздің шегі жоқ сияқты көрінді. Желдің екпіні әйтеуір бір жағаға жеткізер деп жата бердік. Бастапқы екі күн қиындықсыз шыдадық. Кейін нәр татпағаннан ес жоғала бастады. Төрт күн дегенде арпалысып, жағаға жеттік. Жәлел, Қадыр деген жігіттердің арқасында аман қалдық. Сол кезде дертке дауа, жанға шипа болған – балықтың сорпасы, - деп сөзін аяқтады.
Әттең, кеш қарайып барады. Шақырып, қонақ қылғаны үшін Естайдың ағасы мен апасына үлкен алғысымды айтып, үйге қайтуға рұқсат сұрадым.
- Ақұдай, келгеніңе рақмет. Әке-шешеңе сәлем айт. Оқуға қайтқанша Естаймен қала аралаңдар, сауық құрыңдар, - деп, аналық тілекпен Мәриям апа шығарып салды.
Келесі күні орталық алаңда қала аралап жүргенімде көзім ерекше ескерткішке түсті. Бұл 1921 жылы аштықтан қиналған Еділ бойындағы халыққа 14 вагон балық жіберген Арал балықшыларына ізгі рақметін жолдаған Лениннің хаты екен.
XX ғасырдың екінші жартысында табаны шөгіп, мүшкіл халге жеткен Аралдың тағдыры – тек теңіздің жай-күйі емес, бұл – сол маңда қоныс тепкен сан мыңдаған адамның тағдыры еді. Айдынды өлкенің тағдырына әлем абдырады.
Оқуды тәмамдаған соң Естай жеке балық зауытын ашып, Аралдық брендпен балық өнімдерін шығара бастады. Балықшы ұрпағының ата кәсібін жалғастырып жүрген Естайдың еңбегіне бүкіл жұрт дән риза. Кейінірек, ол САРАТС жобасы бойынша жұмыс жасап, Арал теңізін толтыру ісін қолға алды. Нәтиже жаман емес. Кіші теңіз қалыпқа келіп, зауыттардың саны көбейді. Осы ғажайыпты қаншама балықшылар көрмей кетті. Бәлкім, олар көргенде телегей теңіздің үстінде қайықпен шексіз жүзіп жүре берер ме еді...
Кіндігім бірге Аралмен,
Теңізден тыныс алам мен.
Ақпейіл ана секілді
Алдымда жатыр далам кең.
Зейнолла Шүкіровтің осы бір өлең шумағы қандай керемет, ә! Бүкіл жан толғанысты, ыстық махаббатты бір шумақпен-ақ жеткізіп берді. Халықты шалқытқан, жүректі толқытқан - теңіз! Теңіз жағалауында туып-өсіп, оның қыр-сырына, түпсіз тереңіне қанық жандардың оңаша отырғанда үзіліссіз баяндайтын теңіз хикаялары мені еріксіз таңдандырады. Бура-бура төбешіктер, мың бұралған құм дауылдар, жақұттай жаутаңдап жататын тұздар – бәрі-бәрі көз алдымда...
БӨЛІСУ:
SAGA Co.
2022 жыл
Барлық құқықтары қорғалған.
License №S_22_1504